logo«Ақтөбе ФК» — Қазақстан Премьер Лигасында ойнайтын қазақстандық футбол клубы. Ақтөбе қаласының Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионы клубтың базасы болып табылады. Стадион 1975 жылы ашылған, сыйымдылығы - 12800 орын.

Клубтың тарихы


КСРО
1936 жылы ақтөбелік «Динамо» командасы КСРО кубогінің бірінші айналымына қатысып, 1/64 финалда ЦДКА клубымен ойнап 0:4 есебімен ұтылып қалды. Осыдан кейін Ақтөбедегі «үлкен» футбол тарихы 30 жылға үзілді. Алғашқы, нағыз үлкен жетістік ақтөбелік футболшыларға 1966 жылы келді. «Ақтөберентген» зауытында құрылған команда қазан айында Жезқазған қаласында өткен финалда Қазақ КСР-ың чемпионы болды.

«Ақтөбе» футбол клубының ресми тарихы 1967 жылдан бастау алады. «Актюбинец» командасына шеберлер командасы статусы берілді. Құрылған команда КСРО-ның төменгі дивизиондарында 3 маусым ойнап, 7 жыл көзден ғайып болды. «Актюбинец» КСРО чемпионаттарында 24 жыл ішінде барлығы 19 рет қатысты (1967–1969 – «Б» класы; 1976–1991 – 2 лига). КСРО кубогіне қатысуы туралы әртүрлі пікірлер бар: біреулер «Актюбинец» ешқашан кубок ойындарына қатыспаған десе, кейбіреулер клубтың 1967/68 маусымында, яғни өзінің алғашқы «кәсіби» маусымында, КСРО кубогіне қатысқанын айтады.

КСРО чемпионаттарында команда екінші лигада өз аймағында екі рет жеңіске жетті. «Актюбинец» бірінші рет табысқа 1981 жетті, өзінің тарихында алғашқы рет 2-ші лиганың 7-ші аймағында чемпион болды. Бұған дейін 1979, 1980 жылдарда екі рет 3-ші орын алды. Команда 24 рет жеңіске жетіп, 4 ойында тең ойнап, 4 ойында жеңіліс тауып, қарағандылық Шахтерді 3 ұпайға озды. Бірақ, екінші лиганың финалдық додасында ақтөбелік футболшылар бірінші лигада жүлдеге ие бола алмады.

Келесі үлкен табыс 10 жылдан кейін келді. Соңғы КСРО чемпионаты жылында «Актюбинец» екінші лиганың 8-ші республикалық аймағының ең үздік командасы болды, және бұл жеңіс өте тарихи жеңіс болды – «Актюбинец» КСРО тарихында өз аймағының соңғы жеңімпазы атанды.

Кеңес Одағының ыдырауы көптеген спортшылар мен спорттық қоғамдардың өміріне әсер етті, бірақ, дәл осы оқиғаның арқасында «Актюбинец» лезде бірнеше деңгейге көтеріліп, Қазақстан чемпионатының Жоғарғы лигасында пайда болды.

КСРО чемпионаттарында «Актюбинец» 698 матч ойнады, олардың ішінде 300 жеңіс, 130 тең ойын, 268 жеңіліс тапты. Доп айырмашылығы — 842-733. «Актюбинец» КСРО чемпионаты ойындарындағы алғашқы жеңісін 1976 жылдың 2 мамырында тойлады. Матч Орталық стадионда ферғаналық«Нефтяник» командасына қарсы өтті, голдың авторы Владимир Коробков. Бұл ақтөбеліктердің өз алаңында соққан алғашқы голы болды. Ақтөбеліктердің алғашқы «хет-тригі» екінші лигада 1976 жылдың 4 қыркүйегінде шымкенттік «Металлург» командасына қарсы өткен матчта болды (4:2). Бұл ойында Владимир Прошин қонақтардың қақпашысын өз қақпасынан 3 рет допты алып шығуына мәжбүр етті. «Актюбинецтің» ең төменгі орны − 21 (1969). Ең ірі жеңісі − 10:0 (Болат, Теміртау, 1990). Ең ірі жеңілістері − 0:5 (Восток, Өскемен, 1983) және 1:6 («Нефтяник», Ферғана, 1976;Восток, Өскемен, 1982). «Актюбинецтің» еншісінде Вьетнам (3:2, 1980 ж.) және Лаос (6:2, 1981 ж.) құрамаларына қарсы өткізілген екі халықаралық матч бар.


Қазақстан
Ел тәуелсіздікке қол жеткізген соң, команда КСРО чемпионатының 4-ші дивизионынан Қазақстанның Суперлигасына қадам басты. Бірақ, алғашқы қадамы сәтсіз болды. Команда 1992–1997 жылдарда Қазақстан чемпионатында 9−14 орындарды иеленіп жүрді. Тек, жалғыз табыс 1994 жылы болды, команда ұлттық біріншілікте 4-орын алып, Қазақстан Кубогінің финалына шықты. Алматы қаласындағы республикалық орталық стадионда өткен финалда өскемендік Востоктан 0:1 есебімен жеңіліс тапты.

90-шы жылдардың ортасында Қазақстанда қалалардың бұрынғы атауларын қайтару үрдісі болды. Қалаға Ақтөбе деген тарихи атауы беріліп, «Актюбинец» өзінің өмір сүруін тоқтатып, 1996 жылы «Ақтөбемұнайға» жол берді. Бірақ, бұл атаумен команда бар болғаны бір жыл өмір сүрді, және команданың атауы «Ақтөбе» деп өзгертілді. Тіпті, 1997 жылы Жоғарғы лига командалардың санының қысқартылуына байланысты «Ақтөбе» Бірінші лигаға түсіп қалып, Жоғарғы лигаға жаңа ғасырда қайта оралды. Қайта жаңару 2000 жылы команда «Ақтөбе-Ленто» атауымен Қазақстан чемпионатының Бірінші лигасын жеңген кезде болды (атап өтетін жайт, команда бұл лигада бар болғаны 11 матч өткізіп, 8 ойында жеңіп, 3 ойында ұтылды). Бұл жетістік команданың Суперлигаға қайта оралуына мүмкіндік берді. 2001 жылы Суперлигада 8-орын алып, келесі 3 маусымда (2002–2004) 4-5 орындарды иеленіп, команда қазақ футболының мықты клубтарының қатарына нық жақындай түсті. Келесі маусымда команда атауынан «Ленто» сөзі алынып, клуб қазіргі уақытқа дейін «Ақтөбе» атауымен өнер көрсетіп келеді.

2005 жыл команда үшін ең табысты жыл болды, клуб қостанайлық «Тобылды» 1 ұпайға озып, алғаш рет өз тарихында Қазақстан чемпионы атағын иеленді. Бұл жеңіс командаға Достастық кубогының 14-ші сайысына қатысуға мүмкіндік берді. Додадағы «Ақтөбенің» қарсыластары төмендегі командалар болды: «Металлург» (Лиепая, Латвия); «Вахш» (Қорған-Төбе, Тәжікстан); «Нефтчи» (Баку, Әзірбайжан). «Ақтөбе» өз тобынан шыға алмай, доданы топтық кезеңде аяқтады.

2006 жылғы Қазақстан чемпионатында «Ақтөбе» негізгі қарсыласы «Астанадан» 4 ұпайға қалып қойып, 2-ші орын алды. Команда Қазақстан Кубогында да 1/8 финалда қосымша белгіленген уақытта Петропавл қаласының Есіл-Богатырь клубынан 0:1 есебімен жеңіліс тауып, жарыстан тыс қалды. Бірақ, команда Достастық кубогында ойнауға мүмкіндік алды, себебі ел чемпионы «Астана» бұл додада ойнаудан бас тартты. Бірақ, ақтөбеліктер топтық кезеңнен өте алмай, додамен қош айтысты.

«Ақтөбе» жаңа бапкер Владимир Мұхановтың қол астында 2007 жылы екінші рет чемпионаттың жеңімпазы атанды. 2008 және 2009 жылдары «Ақтөбе» тағы да екі рет елдің чемпионы болып, келесі үш жылдың ішінде, Қазақстан чемпионатында, 2010 жылы 2-ші орынға ие болып және 2011, 2012 жылдары 3-ші орын алып, екінші орнынан жоғары нәтижеге жеткен жоқ. 2013 жылы, бас бапкердің орнына Владимир Никитенко келіп, «Ақтөбе», егемен Қазақстан тарихында 5-ші рет елдің чемпионы болып, жанкүйлерінің арманын іске асырды. 2014 жылы «Ақтөбе» «Астананы» алға жіберіп екінші орын алса, 2015 жылы үшінші орынды місе тұтты.

"Ақтөбе" Қазақстан футболы тарихында алғашқылардың бірі болып еурокубок жорығына сүрлеу салды. 2006/07 маусымында «Ақтөбе» ФК УЕФА Чемпиондар Лигасында бірінші квалификациялық кезеңнен бастауға жүлде алды. Жеребе тарту нәтижесінде «Ақтөбенің» қарсыласы болып Лиепая қаласының «Металлург» клубы болды. Бірақ, 2 матчтың есебін қоса есептегенде «Ақтөбе» 1:2 есебімен жеңіліс тауып, Чемпиондар Лигасымен қош айтысты.

Содан соң 2007/08 маусымында УЕФА Кубогы ойындары өтті, келер жылы біздің команда Чемпиондар Лигасында (2008/09) ойнады, бірақ қос маусымда да алғашқы айналымнан аса алмады. УЕФА Кубогында «Ақтөбе» австриялық «Маттерсбургті» жеңіп, еурокубоктағы алғашқы жеңісіне қол жеткізген болса-1:0, қарымта кездесуде австриялық команда жеңіп, келесі кезеңге өтті. Чемпиондар лигасының 2008/09 маусымында «Ақтөбе» молдовалық «Шерифтен» өте алмады, жалпы есеп 1:4.

2009/10 жылғы маусымда біздің команда Чемпиондар Лигасының екінші іріктеу кезеңінен бастады. Қарсылас атанған исландиялық «Хафнарфьордюрды» алғашқы матчта сырт алаңда 4:0 есебімен тас-талқан етті, ал қарымта ойында 2:0 есебімен жеңді. Келесі қарсыласымыз израильдік «Маккаби» еді. Чемпиондар Лигасының үшінші кезеңіне шыққан «Ақтөбе», IFFHS  футбол тарихы мен статистикасының Халықаралық федерациясының рейтингі бойынша ТОП-350 команданың қатарына кірді.

Қос матчтың қорытындысы бойынша израильдік клуб мықтылығын паш етті (өз алаңымызда 0:0 және сырт алаңда 3:4). Соқыр жеребе 2009/10 жж. Лига Еуропасының плей-офф кезеңінде сол кездегі УЕФА кубогының финалисті, немістің «Вердерін» қарсылас қылып белгілеп берді. Алғашқы матчта «Ақтөбе» 3:6 есебімен жеңілді, ал өз алаңымызда өткен ойында 0:2 есебі тіркелді.

Сол кездегі Қазақстан клубтарының тарихында еурокубок ойындарында ең ұзақ болған еурожорық «Ақтөбе» үшін осылай аяқталды. УЕФА Чемпиондар Лигасының алғашқы екі кезеңінде және Еуропа Лигасының плей-офф кезеңінде ақ-қызылдар 12 доп соғып, 12 доп жіберген.

2010 жылы «Ақтөбе» Чемпиондар лигасында төртінші рет ойнады. Екінші іріктеу кезеңінде грузиндік «Олимпиден» екі матч бойынша үздік шығып, үшінші кезеңге өтеді, жалпы есеп 3:1.

Үшінші іріктеу раунды Хапоельдің «Тел-Авивіне» жолықтырды. «Хапоель» жалпы есепте 3:2 есебімен мерейі үстем болып, біздің команданы жарыстан шығарды. Еуропа лигасының плей-офында тағы да азулы қарсыласқа түсіп, команда топтық кезеңге бір қадам қалғанда кейін шегінуге мәжбүр болады. Голландиялық «АЗ» өз алаңында 2:0 есебімен жеңсе, Ақтөбедегі ойында біздің команда 2:1-мен жеңеді.

Еуропа Лигасының 2011/12 жылғы маусымында «Ақтөбе» іріктеуді екінші раундтан бастады. Венгрлік «Кечкеметті» айналып өтіп (сырт алаңда 1:1, өз алаңымызда 0:0), үшінші іріктеу кезеңіне іліндік. Ол жерде бізді владикавказдық «Алания» күтіп тұрған еді. Қос матч та 1:1 есебімен аяқталып, матчтан кейінгі пенальтиде ресейлік футболшылардың мерейі үстем болды, 2:4.

2012/13 жылдардағы еурокубок додасы «Ақтөбе» үшін бірінші раундтан басталды. Грузияның «Торпедосын» өзбек легионері Марат Бикмаевтың қос голы арқасында айналып өтіп (сырт алаңда 1:1, өз алаңымызда 1:0), екінші кезеңде молдовалық «Милсамиді» тұқырттық. Молдовада өткен алғашқы ойында «Ақтөбе» 2:4 есебімен жеңіліп, жарыстан шығып қалу қаупін жоғарылатып алған еді, бірақ Ақтөбеде өткен ойында барын салып, ірі есеппен жеңді, 3:0. Үшінші кезеңде «Ақтөбенің» жолына Бельгияның «Генкі» тосқауыл болды, жалпы есеп 2:4.

2013/14 жж. ақ-қызылдар Еуропа лигасының алғашқы кезеңінде Арменияның «Гандзасарын» айналып өтті. Норвегияның «Хедд» командасы да үшінші кезеңге ілігуге кедергі бола алмады, алайда үшінші кезеңдегі «Брейдаблик» лайықты қарсылық көрсете біліп, жеңімпаз матч соңындағы пенальтиден анықталды, (жалпы есеп 1:1, пен: 2:1). Плей-оффта киевтік «Динамо» біздің команданы қос матч қорытындысы бойынша артқа тастады, сөйтіп «Ақтөбе» келесі рет еурододаның топтық кезеңіне бір қадам қалғанда жарыспен қош айтысуға мәжбүр болады.

2013 жылы ел чемпионы атанған «Ақтөбе» 2014/15 жж. Чемпиондар Лигасының екінші раундында Грузияның «Динамомен» кездеседі, жалпы есеп 4:0. Үшінші раундта «Ақтөбе» Румынияның «Стяуасымен» күш сынасады. Өз алаңымыздағы алғашқы матчта 2:2 есебі тіркелсе, сырт алаңда біз 1:2  есебімен есе жібердік. Бұл жеңілістен соң, «Ақтөбе» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне тікелей топ ете қалады. Бұл жерде де «Ақтөбені» мықты қарсылас күтіп тұрған-ды. Польшаның «Легиясы» екі матчта да өз қақпаларына гол соқтырмай, ақ-қызылдарды кейін қайтарып жібереді, жалпы есеп 0:3.

2015/16 жыл «Ақтөбе» үшін Еуропа жорығындағы ең сәтсіз кезеңдердің бірі болды. Жеребе жолдас болды деп бөркімізді аспанға атқан эстондық «Нымме Калью» «Ақтөбенің» алдын орап, бірінші кезеңде-ақ жарыстан шығып қалуға мәжбүр болды. Өз алаңымыздағы ойында 0:1 есебімен жеңіліп, сырт алаңда есеп ашылмай, командалар тең тарқасты. Келесі кезеңге Эстония командасы жолдама алады.

Бұрынғы аттары


  • Актюбинец (1967 – 1995)
  • Актөбемұнай (1996)
  • Актөбе (1997)
  • Актөбе-Ленто (2000-2004)
  • Ақтөбе (2005 жылдан бері)
  • Еурокубоктар
  • Толық мақаласы: Қазақстан футбол клубтары еурокубоктардағы көрсеткіші

Маусым

Дода

Кезең

Ел

Клуб

Үйде

Қонақта

Есеп

2006/07

УЕФА Чемпиондар Лигасы

1-нші кв. кезең

Латвия Латвия

Металлург Лиепая

1-1

0-1

1-2

2007/08

Еуропа Лигасы

1-нші кв. кезең

Аустрия Австрия

Маттерсбург

1-0

2-4

3-4

2008/09

УЕФА Чемпиондар Лигасы

1-нші кв. кезең

Молдова Молдова

Шериф

1-0

0-4

1-4

2009/10

УЕФА Чемпиондар Лигасы

2-нші кв. кезең

Исландия Исландия

Хафнарфьордюр

2-0

4-0

6-0

   

3-нші кв. кезең

Израиль Израиль

Маккаби Хайфа

0-0

3-4

3-4

2009/10

Еуропа Лигасы

Плей-офф

Германия Германия

Вердер Бремен

0-2

3-6

3-8

2010/11

УЕФА Чемпиондар Лигасы

2-нші кв. кезең

Грузия Грузия

Олимпи Рустави

2-0

1-1

3-1

   

3-нші кв. кезең

Израиль Израиль

Хапоэль Тель-Авив

1-0

1-3

2-3

2010/11

Еуропа Лигасы

Плей-офф

Нидерланд Нидерланд

АЗ Алкмаар

2-1

0-2

2-3

2011/12

Еуропа Лигасы

2-нші кв. кезең

Мажарстан Венгрия

Кечкемет

0-0

1-1

1-1

   

3-нші кв. кезең

Ресей Ресей

Алания

1-1

1-1

1-1 (п. 2-4)

2012/13

Еуропа Лигасы

1-нші кв. кезең

Грузия Грузия

Торпедо Кутаиси

1-0

1-1

2-1

   

2-нші кв. кезең

Молдова Молдова

Милсами

3-0

2-4

5-4

   

3-нші кв. кезең

Бельгия Бельгия

Генк

1-2

2-1

2-4

2013/14

Еуропа Лигасы

1-нші кв. кезең

Армения Армения

Гандзасар

2-1

2-1

4-2

   

2-нші кв. кезең

Норвегия Норвегия

Ходд

2-0

0-1

2-1

   

3-нші кв. кезең

Исландия Исландия

Брейдаблик

1-0

0-1

1-1 (п. 2-1)

   

Плей-офф

Украина Украина

Динамо Киев

2-3

1-5

3-8

2014/15

УЕФА Чемпиондар Лигасы

2-нші кв. кезең

Грузия Грузия

Динамо Тбилиси

3-0

0-1

4-0

   

3-нші кв. кезең

Румыния Румыния

Стяуа Бухарест

2-2

1-2

3-4

2014/15

Еуропа Лигасы

Плей-офф

Польша Польша

Легия Варшава

0-1

0-2

0-3

2015/16

Еуропа Лигасы

1-нші кв. кезең

Эстония Эстония

Нымме Калью

0-1

0-0

0-1

Рекордтар


  • Қазақстанның 15 чемпионатына қатысқан
  • Барлығы 470 матч өткізіп, 225-нде жеңіске жетіп, 111-нде тең ойнап, 134-нде жеңіліп қалған. Доп саны:654-475
  • Ең ірі жеңістері:
    • 1992 - 8-2 Уралец (Орал)
    • 1994 – 8-0 Яссы ФК (Түркістан)
    • 1996 – 8-0 Болат-АМТ (Теміртау)
    • 2013 – 9-1 Бәйтерек (Астана)
  • Ең ірі жеңілісі:
    • 1997 – 1-9 Тараз ФК (Тараз)

Жетістіктері


  • ЧемпионҚазақстан чемпионы (5): 2005, 2007, 2008, 2009, 2013
  • Серебряный призёрҚазақстанның күміс жүлдегері (2): 2006, 2010, 2014
  • Бронзовый призёрҚазақстанның қола жүлдегері (2): 2011, 2012, 2015
  • Cup Winner.pngҚазақстан кубогының иегері (1): 2008
  • Cup Winner.pngҚазақстан супер кубогының иегері (3): 2008, 2010, 2014
  • Cup Winner.pngҚазақстан бірінші лигасының чемпионы (1): 2000
  • Cup Finalist.pngДостастық кубогының финалисті (2): 2009, 2010

Фото

FC AKTOBE TV