Александр Седнев: Жаңа маусымда қолдан келгенше сәтті ойын көрсеткіміз келеді

"Ақтөбе" бас бапкері 2019 жылғы Қазақстан чемпионатының жеребесінің қорытындысы жайлы пікірін білдірді.

- Шынымды айтсам, мен жақсы болсын, жаман болсын күнтізбе жайлы айтқанды ұнатпаймын. Мен қазір командамен жұмыс жасап жатырмын. Қайтсек жақсы дайындаламыз деп әрбір минут сайын ойланамын. Команданы жасақтау жолында түрлі іс-әрекеттерді болжап көріп жатырмыз. Сөздің шындығына келер болсақ, қазіргі уақытта күнтізбенің қалай болғанын, қандай қарсылас тап келгенін айтатын кез емес. Өкінішке орай, біз стратегиялық жоспар жасап, әр қадамды есептеп отыратындай жағдайда емеспіз. Мен үшін 9 немесе 10 наурызда шамамен сағат 18:00-де командам ойынға тас-түйін дайын болса болғаны. Басты мақсатымыз осы. Сонымен қатар, біздің команда қандай қарсылас болмасын, қай жерде, қандай ауа-райында ойнап жатқанына қарамастан, тек жеңіс үшін ойнағанын қалар едім. Қалай болатынын уақыт көрсетеді. Күнтізбеге аса қатты мән бермейміз. Чемпионаттың басталуын тағатсыздана күтіп жүрміз, дайындалып жатырмыз. Алдағы маусым былтырғы маусым секілді қызықты өтеді деген ойдамын. Бәрі де ойындарды сағынып қалды. Жаңа маусымда қолдан келгенше сәтті ойын көрсеткіміз келеді. Бұған еш талас жоқ. 

Естеріңізге саламыз, "ақ-қызылдар" біріншіліктегі алғашқы ойынын Астана қаласында жергілікті "Астана" командасымен өткізеді. Ойын 9 немесе 10 наурыз күні өтеді. 

"Ақтөбе" ФК баспасөз қызметі.

Недостаточно прав для комментирования


Фото

FC AKTOBE TV