Александр Седнев: Бұндай жанкүйерлер еш жерде жоқ.
 
"Ақ-қызылдар" бас бапкерінің "Ақтөбе" - "Қайсар" матчынан кейінгі сұхбаты (1:3). 
 
- Ашық ойын болды. Оған ойын басында стандарттан соғылған гол себеп болды. Екінші гол да абайсызда кіріп кетті десе болады. Бұл футбол. Гол соғып, өзімізге келгендей болып едік, бірақ... Қарсылас қарымта шабуылға иек артты, біз болсақ позициялық ойынды таңдадық. Дегенмен де, үзіліске кетер кезде ойыншылар дұрысталуға тырысып-ақ жатты. Бізге әзірге позициялық ойын көрсету қиынға соғып тұр. Футболшылар доппен жүріп, қарсыласты қателестірудің амалдарын жасадық, өзімізге қажет жолдарды іздедік. Жігіттер бұл тұрғыда жақсы жұмыс жасады деген ойдамын. Өкінішке орай, кей сәттерде шеберлік жетіспей жатты, асығыс ойнап кетіп жаттық. Мен бұл өңірдің нағыз футболи өңір екендігіне бүгін тағы да көзім жетті. Басқа қалаларда жеңілістен кейін дәл осындай қолдауды көру екіталай дүние. Әсіресе бұндай жанкүйерлер еш жерде жоқ. Қолымыздан келгенінің бәрін жасай береміз. Біз үшін әрбір ойын финал іспеттес. Біз әлі чемпионатты бастаған жоқпыз. Ұпайымыз минус алты. Әуелі осы минустан шығып алуымыз керек. Біз әр матчта соңғы ойынға шыққандай ойнауымыз керек. Болмайтын қателіктерді түзетсек екен деймін. Кей сәттерде жолымыз да болмай жүр. Менің ойымша, футболшылар бар күштерін сарқи ойнап жатыр. Олар жеңіс үшін тырысып жүр. 
 
- Жарақат алған Радин мен Миличевичтің жағдайлары қалай?
 
- Олардың жоқтығы анық білінеді. Миличевич әлі де тексерістен өтіп жатыр. Дәрігерлердің қойған диагнозы көңіл көншітпейді. Жақын арада тағы да толық тексерістен өтеді. Миланның жағдайы тәуірірек, уақыт өте келе жарақаты тез жазылып кетеді деген ойдамын. Әзірге айтарым осы. 
 
"Ақтөбе" ФК баспасөз қызметі.
 

Недостаточно прав для комментирования


Фото

FC AKTOBE TV