Ресми: «Ақтөбе» футболшылар алдындағы барлық қарыздарын өтеп болды
 
2018 жылдың басында «Ақтөбе» футбол клубы бұрынғы ойыншылар мен бапкерлерге қыруар ақша қарыз болып тұрған еді. Екі жылға жетер-жетпес уақытта клуб барлық қарыздарын толықтай өтеп болды.
 
«Ақтөбе» ФК бас директоры Самат Смақов клуб баспасөз қызметіне осы жағдай туралы баяндап берді:
 
- Өздердіңізге белгілі, біздің басты мақсатымыз – барлық қарыздарды толықтай төлеп құтылу еді. Қарыздар, түрлі арыздар, талаптар мен санкциялардың қара бұлты сонау 2016 жылдан бастап үйіріле бастаған еді. Дәл сол кезден бастап команданың жағдайы нашарлай бастады. Басында қарыз сомасы әлдеқайда аз болатын. Алайда түрлі себептерге байланысты қарыз өсе берді. Бұрынғы басшылар істі кейінге қалдыра берген, басты орган ФИФА-ның шешіміне қарамастан, жергілікті инстанциялар арқылы футболшылармен соттасқысы келген. Сол себепті де барлық істер зая кеткен, қаржылай санкциялар жинала берді. Ақырында 2018 жылы команда алты ұпайынан айырылды. Ал биыл жыл басында тағы он екі ұпай алынып, командаға жаңа ойыншыларды тіркеуге тыйым салынды. Бұның бәрі еліміздің ең атақты командаларының бірін Бірінші лигаға итеріп тастауға шақ тұр. ҚПЛ-дың жаңа тарихында клуб ешқашан Бірінші лигаға түспеген.
 
Былтырдың өзінде жергілікті ойыншылармен келісіп, қарыздардың төлеу мерзімін ұзарта алдық, ал легионерлермен ұзақ келіссөздердің нәтижесінде төлем кестесін құрдық. Бізбен келісімге келіп, клубқа түсіністікпен қараған барша жігіттерге алғыс айтқым келеді.

Неконың алдындағы қарызымыз ең қиын істердің бірі болды. Төлем мерзімінің өтіп кетуі себепті ойыншы алдындағы қарыз бірнеше есе өсіп кеткен. Дәл осы Некоға дер кезінде төлемегенімізде, бізді «Ақтөбені» төменгі лигаға жіберу санкциясы» күтіп тұр еді. Сөйтсе де футболшы және оның өкілімен бір мәмілеге келе алдық.

Экс-футболшылармен келісімге келіп алған соң қарыздарды төлеп бастау үшін тез арада қаражат көзін табуымыз керек еді. Былтырдың өзінде билеттен түскен пайдадан бірнеше ойыншыларымызға ақшаларын төлей алдық. Бірақ негізгі қарыздар әлі мойынға жүк болып тұрған еді. Демеушілердің көмегі қажет болып тұр еді.
 
Бәріне мәлім, жыл басында Ақтөбе облысының әкімі болып Оңдасын Оразалин тағайындалды. Оңдасын Сейілұлы бірден клубқа қатысты бар жағдайды өз бақылауына алды. Өңір басшысы алғашқы сұхбатында-ақ Ақтөбе облысының тумасы болғаны себепті, жергілікті халық үшін басты команданың орны өте ерекше екенін жақсы түсінетіндігін, тарихы бай жергілікті клубтың құрдымға кетуіне жол бермейтіндігін жеткізді. Әкім демеушілер тауып, қарыздар бойынша барлық мәселелерді шешіп беретіндігіне уәде берді. Әр ай сайын бұл сұрақтар оң шешімін тауып жатты. Дәл бүгінгі күні мен сенімді түрде айта аламын: «Ақтөбе» футбол клубы бұрынғы ойыншылар мен бапкерлерінің алдындағы барлық қарыздарын өтеп болды. Енді клубқа қарыздарға байланысты ешқандай тыйымдар мен санкциялардың қаупі жоқ. Үстімнен ауыр жүк түскендей әсердемін!

Бізге көмектескен, қолдау білдірген барша жандарға рахметімді айтамын. Ең әуелі облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалин мырзаға бізге жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғысым шексіз.
Ойыншылар мен бапкерлік штабтың алдында басымды иемін, алғыс білдіремін. Біраз ойыншылар кеше ғана дубльде ойнап, Премьер-лигада ойнап көрмеген жас ойыншылар еді. Олар маусымның біраз бөлігін легионерлерсіз ойнады. Бірақ жігіттер әр ойында қала үшін, эмблема үшін, клуб үшін, өздерінің ар-намыстары үшін жан алысып, жан берісті. Өз алаңымызда, сырт алаңда әлдеқайда тәжірибелі командаларды жеңіп, көптеген мамандарды таңғалдырып жатты.

Сонымен қатар, біздің 12-ші ойыншымыз – біздің жанкүйерлерімізді айтып өтпеске болмайды. Аутсайдердің ойынында стадион тола жанкүйер отыруы бүкіл Қазақстанды қайран қалдырды. Жеңсек те, жеңілсек те жанкүйерлер командамен бір болды. Көптеген ойындарда дәл осы жанкүйерлердің қолдауы себепті жеңісті жұлып әкетіп жаттық.
Клубтың болашағына келсек, команда Премьер-лигада қалу үшін соңына дейін күресетін болады.
 
«Ақтөбе» ФК.
 

Недостаточно прав для комментирования


Фото

FC AKTOBE TV