«Ақтөбе» ФК бас директоры Самат Смақов клуб өкілдерінің келісілген матчтарға қатысқандығы туралы ақпаратқа пікір білдірді.

- Өкінішке орай, мен бірнеше ойыншының келісілген матчтарға қатысқандығы туралы ақпаратты растауға мәжбүрмін. Әңгіме Бірінші және Екінші лига матчтары жайлы. Осыған орай, барлық «Ақтөбе» жанкүйерлеріне қарата айтқым келеді. «Ақтөбе» эмблемасын төсіне тағып жүрген футболшылар келісілген мачтарға қатысады деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бұл мен үшін үлкен шок болды.

Бүгін Қазақстан футбол федерациясында болдым. Ол жақта барлық жағдайдан хабардар, жіті бақылауда ұстап отыр. Қысқасы – бәрі «Жетісу-Б» командасының капитанынан басталды. Ол «Ақтөбе-Жас» және «Ақтөбе-Ж» ойыншыларымен байланысқа шыққан, тіпті осында келген. Өзара бірнеше кездесу болған. Бұның бәрін Украина елінің адамдарының бақылауында болған. Күмән жаз бел ортасына келген кезде туындай бастаған еді. Бірақ біз нақты бір дәлел болмағандықтан ешқандай кінә арта алмадық. Қазіргі уақытта дәлелдер бар – ойыншылардан бар кінәлары мойындап жазылған түсініктемелері алынды.   
Ең қынжылтатыны – осының бәрін біз үлкен сенім артып келген өзіміздің жергілікті ойыншыларымыз жасады. Оның үстіне клубтың дәл осындай қиын кезеңінде олардың осындай лас қадамға барып отырғандары көңілге үлкен қаяу түсіреді.

Адами факторларға байланысты олардың аты-жөндерін айтпауды жөн көрдім. Біріншіден, олар өз-өздерін жазалады. Екіншіден, маған олардың ата-аналары келіп, ұлдары үшін кешірім сұрады. Олар осы қаланың тұрғындары, әлі де тұра береді.  

Біздің кейбір жанкүйерлеріміз бұл жағдайды әртүрлі қабылдап жатыр. Осыған ерекше тоқтала кетсем. «Ақтөбе» жанкүйерлерінің ең жанқияр, ең үздік екендігіне ешкім де күмән келтіре алмайды. Бірақ таяқтың екі ұшы бар. Кейбір адамдар жағдайды толық білмей тұра сан-саққа жүгіртіп әкетті. Болмаған нәрсені болғандай етіп, айналадағының бәріне кінә артып жатыр, маған қарата да неше түрлі айыптарды қиып салды. Әсіресе, клуб ішінен резонанс тудырып, клубты «құртқысы» келіп жүрген жандар «тырысып-ақ» бағуда.
Мен және менің командам бізді жеккөрушілердің жоспарының іске асуына жол бермейміз. Былтыр мен туған командама ол үшін келген жоқпын. Ойыншы ретінде де, қазір де мен клуб үшін адал қызмет етіп келемін. Мен «Ақтөбенің» бұрынғы деңгейіне көтерілгенін сіздерден кем қаламаймын. Мен жылдар бойы тірнектеп жиған абыройымды тәуекелге қойып, осы клуб үшін аянбай тер төгіп келем және сол абыройыма нұқсан келетін тірліктермен айналысудан аулақпын, басқалардың да нұқсан келтірулеріне жол бермеймін. Сондықтан болар, клубқа, соның ішінде маған қарсы айтылған теріс пиғылды сөздер мені қынжылтады. Асығыс шешім қабылдамаңыздар. Адамдарды істеп жатқан істеріне қарап бағалаңыздар. Алайда маған, клубқа кім қандай күйе жақса да біз тек алға жүре береміз, Ақтөбе футболының игілігі үшін қызмет ете береміз.

Қордаланып қалған мәселелер себепті бәрін тез арада дұрыстап кету мүмкін емес. Бірақ жұмыс жоспары бар, біз нені қалайтынымызды жақсы білеміз. Биылғы жылы, бір сәтке ойлап көріңіздер, бір маусымның ішінде барлық қарыздарды жауып тастадық. Ал бұл клубтың бір жылдық бюджетіне пара-пар сома.

Иә, бұл біз үшін күтпеген проблема болды, кінәлілер анықталды, жазаларын алды. Сондықтан барша шынайы жанкүйерлерді клубты қандай жағдай болса да қолдай беруге шақырамын.  
Арам ниетті футболшылармен біздің әңгімеміз қысқа болмақ, ондайларды ұстасақ дереу арамыздан қуамыз. Олардың біздің клубтың эмблемасын төстеріне тағып жүруге қақылары жоқ. Кінәлары дәлелденген бойда мен оларға ең бірінші формаларын қайтара тапсырып тастау керек екендіктерін айттым, себебі олар ол форманы киіп жүруге лайықты емес.

«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі.

Недостаточно прав для комментирования


Фото

FC AKTOBE TV