Диас Андырмаш: «Бүгінгі ойын өте керемет болды, жыл бойы қолдап келген жанкүйерлерге шексіз алғыс»

25.Окт.2021

«Ақтөбе» жастар командасының капитаны өткен маусымды қорытындылап, «Ақжайыққа» қарсы болған жеңісті кездесу (4:2) жайлы пікір білдірді.

— Диас, жеңіс құтты болсын! Маусым тамаша нәтижемен аяқталды. Осынау қарқынды ойын туралы ойыңмен бөліссең.

— Көп рақмет! Бүгінгі ойын өте керемет болды. Басында 10-20 минут бойы өз ойнымызды таба алмадық. Кейін өз-өзімізге келіп, маусымды сәтті тәмамдай алдық. Негізінде, турнирлік кестеде жоғарырақ тұруға лайықты едік деп ойлаймын.

— Ойын басында екі жылдам гол жіберіп алдыңдар. Содан кейін пенальти арқылы есеп айырмасын қысқартып, бірінші таймды бітірдіңдер. Үзіліс кезінде бапкер қандай нұсқаулар берді?

— Иә, бірінші таймнан кейін бас бапкер қарсыласқа жоғары қысым жасауымызды сұрады. Сол нұсқаудың арқасында бүгін жетістікке жеттік деп ойлаймын. Себебі жаттықтырушымыздың сөздері бізге кәдімгідей әсер етті.

— Матчтан соң Викторович өзің сияқты жас ойыншылардың негізгі командаға ауысу ықтималдығын жоғары бағалады. Бұған қатысты не дейсің?

— Шақырып жатса, әрине, негізгі командада ойнауға дайынмын. Бір жыл бұрын бірінші командамен Түркияда жиын өткізгенмін. Сонда көп тәжірибе жинап, біраз нәрсе үйрендім. Екінші жылда да өзімді көрсетуге әзірмін.

— Жастарды маусым бойы қолдап келген жанкүйерлерге тілегің.

— Шексіз алғыс айтамыз. Көп ойын көрерменсіз өтсе де, жанкүйерлердің қолдауы білінді. Ұтсақ та, ұтылсақ та қолпаштап отырды. Жылы лебіздер танытып, оң пікір білдіріп келді. Сол үшін жанкүйерлерімізге сансыз рақмет!

«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі