Ерланов: «Барша жанкүйерлерімізді бұл жеңіспен құттықтаймын»

04.Окт.2021

«Ақтөбе» ФК қорғаушысы Темірлан Ерланов Olimpbet-Қазақстан чемпионатының 23-туры аясында өткен «Қайсарға» қарсы жеңісті матч (2:0) туралы өз ойымен бөлісті.

— Ойын оңайға соққан жоқ. Кубок аясында «Қайсарға» екі рет есе жібергенімізді өте жақсы білесіздер. Жақсы команда, оны мойындауымыз керек. Бірақ қазір қиын жағдайға тап болды, түсінуге болады.

Бүгін бар күшімізді салып ойнадық. Бас бапкер бірінші таймнан соң, өз ойнымызды ойнауды сұрады. Алған беттеріңнен қайтпаңдар деді.

Менің ойымша, мазмұн жағынан екі тайм да бірдей болған сияқты. Иә, бірінші голдан кейін қарсыластың біраз шабуылына тойтарыс бердік. Он бір адам болып, алаңның әр бұрышы үшін таластық. Соның арқасында жеңіске жеттік деп ойлаймын. Ойнымыз жақсарып келе жатыр. Барша жанкүйерлерімізді бұл жеңіспен құттықтаймын.

«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі