Нұркен Мазбаев: «Бірінші гол бізге өте жақсы көмектесті»

28.Апр.2022

Нұркен Мазбаев: «Бірінші гол бізге өте жақсы көмектесті»

«Тараз» бас бапкері «Ақтөбемен» өткен ойын жайлы пікір айтты.

— Ойынды өздеріңіз көрдіңіздер, меніңше, сегіз турдағы ойындардың ішіндегі ең жақсы матчымызды көрсеттік. Ойынның басынан бастап бәрі біз ойлағандай өрбіді. Бұл, әрине, бірінші кезекте біздің ойыншылардың үлкен еңбегі. Өйткені олар алғашқы минуттан соңғы тоқсан бесінші минутқа дейін концентрация жоғалтпай, өздерінің бар күш-жігерін салды. Сондықтан мұндай ойынмен біздің болашағымыз жарқын деп ойлаймын. Ойын бойынша айтсақ, «Ақтөбеде» биыл жақсы ұжым жиналғанын білесіздер. Тәжірибелі ойыншылар көп. Ойын тізгінін олар да бергісі келген жоқ. Ең бірінші гол бізге өте жақсы әрі уақтылы көмектесті. Ал екінші голдан кейін олар шабуылға көп шыға бастады, біз қарсы шабуылмен ойнадық. Есепті ұлғайтатын мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ осы нәтижеге де шүкіршілік айтамыз. Барлық жамбылдық жанкүйерлерді жеңіспен құттықтаймын.

«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі