Нұркен Мазбаев: «Шабуылда ойын жүрмеді»

25.Июл.2022

«Тараздың» бас бапкері «Ақтөбемен» өткен кубоктік матч (0:0) туралы пікір білдірді.

— Қарсылас команданың шабуыл шебінде ойнайтын негізгі футболшыларының келмегенін білдік. Сол себепті көбіне стандартты жағдайларға иек артатынын түсініп, ондай сәттерде қателік жібермеуге тырыстық. «Ақтөбе» шабуылынан бізге қауіп болған жоқ деп есептеймін.

Сондай-ақ біз де шабуылда жақсы ойнай алмадық. Командаға допты қос қапталға алма-кезек тезірек ауыстырып, жылдам футбол көрсету тактикасын қойып едік, бірақ ойдағыдай шықпады. Оның үстіне қарсылас қорғаушылары айып алаңынан алысқа шықпай ойнады. Мүмкіндіктеріміз де көп болған жоқ. Дегенмен, мұндай «Ақтөбені» ұтуымыз керек еді деп ойлаймын. Алайда, бізде үш ойыншы Лука Гадрани, Жалғас Жақсылықов және Ерсұлтан Қалдыбеков өздерін жайсыз сезініп, ойынға шыға алмады. Алаңға шыққан жігіттер барын салып жақсы ойнады, тек шабуылда ойын жүрмеді.

Ал командаға қосылған украиналық шабуылшымыз Максим Дегтярёв қаңтар айынан бері үлкен футбол ойнамаған. Соңғы үш айда жеке жаттығу жасап жүрген. Біз оған кубоктік ойындарда осылай уақыт беріп, чемпионатқа дейін қалпына келтіруге тырысамыз. Ол команданың шабуыл шебін күшейтеді деп сенеміз.

Біздің клуб жоғары деңгейдегі шабуылшы алатындай қаржыны көтере алмайды. Босниялық жақсы шабуылшыны да қарастырып көрген болатынбыз. Алайда қаржы мәселесі бойынша келісім жасай алмадық. Дегенмен бұл ойыншы да жақсы қырынан танылуы тиіс. Украина Премьер-лигасында ойнаған футболшы.

— Бауыржан Байтана жарақат алып, ойынды соңына дейін аяқтай алмады. Жарақат қаншалықты ауыр?

— Меніңше, ауыр жарақат емес секілді. Бірақ нақтысы дәрігерлерлер қарағаннан соң ғана белгілі болады.

— Командаға жаңа ойыншылар келуі немесе клубтағы футболшылар басқа жаққа ауысуы мүмкін бе?

— Оның нақтысын басшылық білуі тиіс. Бірақ қазіргі кезде 24 ойыншымыз бар. Команданы күшейтетін футболшы алмағаннан кейін босқа ақша құртудың қажеті қанша?!

Ал ауысуы мүмкін деген адамдар бар секілді. Біздің негізгі құрам ойыншыларына жақсы командалар қызығушылық танытуда деп естіп жатырмын. Трансфер мерзімінің жабылуына бірнеше күн қалды, сол аралықта ешкім кетіп қалмаса дұрыс болар еді деп ойлаймын.