Ералы Тоғжанов: «Ақтөбе» соңғы 7 жылда болмаған нәтижеге қол жеткізді»

07.Nov.2022

Өңір басшысы Ералы Лұқпанұлы бүгінгі матчтан кейін ақтөбелік футболшылар мен жанкүйерлерді жеңіспен құттықтады.

— Құрметті ақтөбеліктер және «Ақтөбе» футбол клубының ойыншылары!
Бүгін «Ақтөбе» футбол клубы үшін — тарихи күн! Ақтөбеліктер футболдан Қазақстан чемпионатының 26-туры аясында өз алаңында алматылық «Қайрат» командасын қабылдап, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, «Ақтөбе» футбол клубы Қазақстан Республикасы Премьер-Лигасын екінші орынмен аяқтап отыр.
Сіздерді үздіксіз еңбек пен таза маңдай тердің арқасында жеткен жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Өткен жолы «Ордабасымен» өткен ойыннан соң, бұл жолғы ойында бойымызды сеніммен қатар қорқыныш сезімі қатар билеп отырған еді. Бірақ 55 жылдық тарихы бар «Ақтөбе» өзінің мықты команда екендігін жұрт алдында дәлелдеді.
Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде футбол клубы Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Бірінші лиганың екі дүркін, Қазақстан Республикасы Суперкубогінің үш дүркін жеңімпазы, Қазақстан Кубогінің иегері атанған екен. Бұл жолғы ойында да команда ойыншылары тамаша ойын көрсетті. Соңғы 7 жыл ішінде болмаған нәтижеге қол жеткізді.
Біз чемпиондыққа бір қадам ғана жетпей қалдық. Бірақ екінші орын да — тамаша көрсеткіш.
Бүгінгі жеңісте футбол клубының жанкүйерлерінің де үлкен үлесі бар. «Ақтөбенің» жанкүйерлерінің сондай белсенді екенін республика жұрты жақсы біледі. Осы ретте «13 сектор» жанкүйерлеріне үлкен алғысымды білдіремін!
«Ақтөбе» футбол клубын жеңісімен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Лайықты ойын көрсетіп, үмітті ақтадыңыздар! Біздің команданы алда әлі талай жеңістер күтіп тұр!
Ақтөбе — футболдың астанасы. Солай болған, алдағы уақытта да солай болады.
Біз сіздерді әрқашан қолдаймыз!