“Ақтөбе-2013” командасы Қазақстан чемпионы атанды

04.Nov.2022

30 қазан мен 3 қараша аралығында Тараз қаласында 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан Қазақстан біріншілігі өткен болатын.

Жалпы саны 20 команда қатысқан турнирдің іріктеу сынында ақтөбелік жас жеткіншектер түркістандық “Тұран” және астаналық “Айбын” командаларындағы замандастарын 3:1 есебімен жеңсе, кейін “Атырауды” 2:0 әрі қостанайлық “Тобылды” 2:1 етіп ұтты.

Жартылай финалда оралдық “Ақжайықпен” негізгі уақытта 1:1 тең түсіп, пенальти сериясында 3:2 есебімен басымдық танытты. Финалдық кездесуде Данияр Ахмедияр мен Нұрбол Жұмашев шәкірттері қарағандылық “Шахтер” өрендерін 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, ел чемпиондары атанды.

Алтыннан алқа тағынған жастарымыз дипломдармен және негізгі трофей — Кубокпен марапатталды. Жарыстың үздік шабуылшысы болып біздің Асылхан Марат танылса, чемпионаттың үздік ойыншысы болып Даниал Сәрсенбай тұғырға көтерілді.

 Құттықтаймыз!