Бекжан Дәулетов: «Биыл Чемпиондар лигасы үшін таласпақ ниеттеміз»

21.Nov.2022

“Ақтөбе” футзал клубының шабуылшысы шымкенттік “Ордабасымен” өткен екі матчты (4:0, 3:0) түйіндеді.

— Өздеріңіз көргендей, оңай ойын болған жоқ. Осы маусымда алғаш рет екі матч қатарынан жеңіп отырмыз. Өз алаңымызда ойнайтын болған соң бұл жолы жақсылап дайындалдық. Міндет қос ойында алты ұпай еншілеу болды. Соған қол жеткіздік және қақпамызды “құрғақ” сақтай алдық. Бапкердің де тапсырмасы сол болатын. Аллаға шүкір. Енді Ақтаудағы “Каспийге” қарсы матчтарға әзірленуіміз қажет. Иә, былтыр олармен сәтсіз ойнап жүрдік. Бірақ “Каспийді” біз үшін ыңғайсыз қарсылас дей алмаймын. Ондағы жанкүйерлердің атмосферасына да үйреніп қалдық. Кем дегенде төрт ұпай иемденуге тырысамыз. Оның үстіне біздің биылғы құрамымыз жоғары дәрежелі легионерлермен толықты. Лукао мен Мигель келе сала гол салып, нәтижелі пас беріп жатыр. Сондай-ақ қақпашы Дима Бондаревті де атап өткім келеді. Өте тәжірибелі ойыншы екенін ол бүгінгі ойында да дәлелдеді деп санаймын. Тимур Балтабаев сынды отандық мықты ойыншылар да қатарға қосылды. Сондықтан да биыл Чемпиондар лигасына берілетін жолдама үшін таласпақ ниеттеміз.