Тәуіпбек Орналин: «Голдарымды әжеме арнаймын, оның қолдауы мен үшін аса маңызды»

31.Aug.2022

“Қайсар” жастарының қақпасына екі доп соққан шабуылшымыз өткен матч жайлы әсерлерімен бөлісті.

— Жеңіске жетіп, үш ұпайды қоржынға салғанымызға қуаныштымын. Голдарым осы орайда үлесін қосып жатса, бұл екі есе қуаныш. Хромтаудағы стадионға келіп, бізге қолдау білдірген жанкүйерлерге алғыс айтамын. Бұл — жақсы фактор.

— Матчтан кейін бас бапкер Ернар Сүлейменұлы турнирлік кестеде соңғы орында тұрған командамен ойнау психологиялық жағынан қиындау деді. Келісесің бе?

— Иә, бапкермен келісемін. Команданың дұрыс жинақталмай шығу қаупі болды. Бірақ біз жігіттер болып өзара жақсылап сөйлесіп, жеңіске қол жеткізу үшін барымызды саламыз деп шықтық. Қолымыздан келді.

— Бүгін дубль авторы атандың. Голдарыңды кімге арнайсың?

— Голдарымды әжеме арнаймын. Себебі ол мен үшін тақымын қысып, әрдайым сәттілік тілеп отырады. Әжемнің қолдауы мен үшін аса маңызды.

— Негізгі құрамның ойыншылары бүгін жастарға көмектесті. Қаншалықты көңілден шықты?

— Олар жеңіске өте көп үлес қосты деп ойлаймын. Себебі негізгі құрам ойыншыларымен жаттығу жасап, тәжірибе жинап жүрген футболшылар. Максим Самородов бірінші голыма ассист берсе, Әлібек Жәрдемов екінші голыма пас ұсынды.

— Жастар командамыздың жақсы өнер көрсетуіне байланысты соңғы кездері Бірінші лигаға шығу туралы әңгімелер жиілеп кетті. Шынайы міндет деп ойлайсың ба?

— Бәріміздің ойымыз сонда. Бірақ әлі алдымызда тікелей қарсыластарымызбен талай матч бар. Бапкерлерден бастап ойыншыларға дейін Бірінші лигаға шығу міндетін орындау үшін талпынып жатыр.

“Ақтөбе” ФК баспасөз қызметі