“Ақтөбе” түлектері — тағы да шың басында

26.Nov.2021

Қостанайда 2012 жылы туған балалар командалары арасында футболдан Хәлімжан Сағидоллаұлы Ержановты еске алуға арналған турнир аяқталды.

Топтық кезеңде Қуанышбек Орынтаев және Нұрбол Жұмашев баптайтын командамыз алғашқы ойында жергілікті “Метеор” ұжымын 9:1 есебімен ойсырата жеңді. Екінші ойында көкшетаулық “Оқжетпестегі” құрдастарын 3:0 етіп ұтқан ақтөбелік шәкірттер елордалық “Aibyn” командасын да тізе бүктірді — 1:0. В тобындағы ақырғы кездесуде қостанайлық жасөспірімдер мектебінің түлектерін жауапсыз үш доп соғып, тас-талқан қылып жеңді.

Топтан бірінші орынмен шыққан “Ақтөбе” U9 өрендері 1-3 сатыға таластағы плей-офф матчтарында павлодарлық “Жұлдызбен” 1:1 тең ойнап, ал “Тобылды” 3:2 есебімен шаң қаптырып кезекті рет жарыс жеңімпазы атанды.

22-24 қараша аралығында “Тобыл-Аренада” өткен республикалық жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 15 команда қатысты.

“Ақтөбе” ФК баспасөз қызметі