Ернар Жалбыров: «Маусымға тыңғылықты дайындықпен келеміз»

28.Mar.2022

«Ақтөбе-U21» аға бапкері Түркияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны жайлы пікір білдірді.

— Барлық қызыл-ақтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Жиын белгіленген жоспар бойынша өтіп жатыр. «Амагер» клубын жеңгеннен кейін, біз ресейлік «Саранск» ұжымымен бақылау матчын өткіздік. Ол РПЛ-да өнер көрсеткен баяғы «Мордовия» клубы. Қазір ҰФЛ-да ойнайды. Басында екі доп жіберіп алып, Кусановтың арқасында бір голмен жауап қаттық. Салмақты қарсыласқа қарсы жақсы қимылдадық, бірақ ойын аяғында стандарттан тағы екі мәрте доп жіберіп алдық. Алайда бұл жиын екенін атап өткен жөн, себебі мұнда бірінші кезекте жас ойыншылардың техникалық-тактикалық әрекеттері пысықталады.

Ал кеше біз соңғы бақылау матчтарымыздың бірінде Иордания U19 жасөспірімдер құрамасына қарсы ойнадық. Бұл құрама Азия чемпионатының іріктеу кезеңіне дайындық жүргізу үстінде. Тап осы кездесуде біз тактика жағынан жақсы көріндік, өйткені қатемен жұмыс дұрыс жасалды деп ойлаймын. Даниялық «Юллинге» клубына қарсы ойын өткізіп, ОЖЖ аяқтамақпыз. Маусымға тыңғылықты дайындықпен келеміз деп сенемін.

«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі