Рамазан Оразов: “Чемпионатты екінші орында аяқтауымыз бізді тек қайрай түсуі тиіс”

07.Nov.2022

Жартылай қорғаушымыз алматылық “Қайратты” жеңгеннен кейінгі сезімін жеткізіп, келер маусым бойынша ой толғатты.

— Бүгінгі матч жайлы не айтсам болады? Біз барлық ахуалды дұрыс бағалап, ойынға тыңғылықты дайындалдық. Тек жеңіске әзірлендік. Тең нәтиже де, жеңіліс те біздің көңлімізден шықпас еді. Бірақ кездесу қиынға соқты. “Қайрат” — ұйымшыл команда. Биылғы өз ауыртпалықтарына қарамай, олар әсерлі де, комбинациялық футбол көрсетті. Қызықты ойында лайықты жеңіске жеттік деп ойлаймын. Бүгін ұрымтал сәттер де, талас та, әдемі футбол да болды. Ауа райына қарамастан стадионды лық толтырған жанкүйерлерге алғыс айтпай кетуге болмас. Олар бізді қамшылап отырды.

— Сен былтырдан бері ақ-қызылдар сапындасың. 2021 жылы алтыншы орын алсақ, биыл екінші орынға көтерілдік. Даму бар ма?

— Біз үшін де, жанкүйерлер үшін де биыл қызықты маусым болды деп ойлаймын. Ұзақ уақыт бойы біз турнирлік кестеде бірінші орында келе жаттық. Өкінішке қарай, басымдықты ұстап тұра алмадық. Бірақ бұл футбол. Ондай-ондай болып тұрады. Мұндай сәттер бізді тек қайрай түсуі тиіс. Өйткені бәрі алда. Кейінгі маусымдарда жарқын нәтижелерге қол жеткізуге тырысамыз. Ал қазір болса, бізге жақсылап демалып, сарқылған күшті қалпына келтіру қажет.

“Ақтөбе” ФК баспасөз қызметі