«Ақтөбе» Алматыдағы қысқамерзімдік жиынын бастады

21.Sep.2022

“Таразбен” өткен жеңісті матчтан соң командаға бес күндік демалыс берілген болатын.

Оңтүстік астанаға кеше ұшып барған ақ-қызылдар бүгіннен бастап оқу-жаттығу жиындарына кірісті. Андрей Карпович шәкірттері апталық жиын аясында алматылық “Қайратпен” бақылау матчын өткізбек.

УЕФА Ұлттар лигасына қатысу үшін Қазақстан құрамасына шақырту алған Юрий Логвиненко, Рамазан Оразов және Темірлан Ерланов, еліміздің U20 жастар құрамасына шақырылған Максим Самородов пен Либерия құрамасының қосынына аттанған Йоахим Адукор “Ақтөбеге” кейіннен келіп қосылады деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ француз жартылай қорғаушысы Уго Видемон жарақатынан жазылып, жақын арада командамен бірге жаттыға бастайды деген жоспар бар.