Ернар Жалбыров: «Өз жігіттеріме рақметтен басқа айтарым жоқ»

10.Окт.2022

«Ақтөбе» жастар командасының аға бапкері «Aqtobe City» клубымен өткен кездесу (2:0) жайлы пікір білдірді.

— Дербидің аты — дерби. Бірінші айналымда бұл қарсыласпен өкінішті тең нәтиже тіркелген болатын. Ал мына жолы біз шартты түрде қонақ команда болсақ та, жігіттерім алаңға ерекше ынтамен шықты. «Тұранмен» өткен соңғы матчта біршама эмоция жұмсағанымыз жасырын емес. Ол ойында өз алаңымызда ұтылған едік және психологиялық жағынан жиналу қажет болды. Қалған екі матчта тек жеңіс керек деген нұсқауымызға тәлімгерлеріміз құлақ асты. Бүгінгі кездесуде көп мүмкіндік жасай алдық. Бәрін бірдей голға айналдырмасақ та, 2:0 есебі әділ деп санаймын.

— Өткен матчта не нәрсе ойдағыдай болмады, ал бүгінгі матчта ше?

— Алдыңғы ойында стандарттан үш гол жіберген едік. Қатемен жұмыс жасап, талдау жүргізіп, бұл матчта ұйымшыл өнер көрсеттік. Тек бір әттеген-айы — осы жолы сәттерімізді жүзеге асыру жағы ақсап тұрды. Жұмыстанатын боламыз.

— Өз командаңыздың сапынан бүгінгі ойында үздік деп кімді атап өтер едіңіз?

— Ешкімді бөліп-жарғым келмейді, себебі бұл командалық жұмыс. Барлығы да соңына дейін таласып, діттеген нәтижеге қол жеткізді. Жігіттеріміз жас, оларға рақметтен басқа айтарым жоқ. Біріншіліктің соңғы ойнында үш ұпайды қоржынға салып, жеңіске жетеміз деп сенемін.

«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі