Көріскенше, Макс!
12.Aug.2024
22 жастағы жартылай қорғаушы Максим Самородов “Ақтөбе” футбол клубынан трансферлік келісім аясында ресейлік “Ахмат” клубына ауысты.
“Ақтөбе” түлегі 2019 жылы ақ-қызылдар сапында ҚПЛ-да дебют жасаған. 2020 жылы командамен бірге Бірінші лига жеңімпазы атанып, 2021 жылы жоғары біріншіліктегі алғашқы толыққанды маусымын өткізді. 2022 жылы чемпионаттың күміс алқасын және 2023 жылы қола медалін иеленіп, екі жыл қатарынан (2022, 2023) “Қазақстанның үздік жас ойыншысы” жүлдесін жеңіп алды.
Ұлттық құрама сапында көшбасшы атанып, мемлекет басшысының “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды.
Өткен маусымда Қазақстан Премьер-лигасы мен Конференция лигасында жасындай жарқылдаған Самородов “Ақтөбенің” бүкіл турнирлердегі үздік сұрмергені (7 гол + 5 ассист) атанды. Биыл “Ақтөбе” құрамындағы жүзінші ресми матчын өткізді. Жалпы саны ақ-қызылдар сапында барлық турнирлердегі 120 матчта 24 гол соғып, 19 нәтижелі пас берді.
“Ақтөбе” футбол клубы Максимге бірлесіп атқарған еңбек үшін алғыс білдіре отырып, ілгергі мансабына сәттілік тілейді.12:55