Виктор Ульяницкий: «Барлығына бүгін нәтиже керек болды, есеп таблода»

27.Aug.2022


«Ақсу» бас бапкерінің көмекшісі «Ақтөбемен» өткен бүгінгі матч (0:1) туралы пікір білдірді.

— Кеш жарық! Ең алдымен, бұған дейін бәріміз өткерген пандемиядан кейін осындай атмосферада болу ғанибет еді. Бүгін футбол мейрамы болды. “Ақтөбе” үнемі осындай жанкүйерлерімен ерекшеленетін. Бір бапкер айтпақшы, көрерменсіз футбол гүлсіз бақпен тең. Бүгін гүлденген бақшаға куә болдық. Ойынға келсек, шиеленіске толы матч болды. Аса сапалы футбол болды дей алмасам да, барлығына бүгін нәтиже керек болды. Себебі әркімнің өз міндеті бар. Есеп — таблода.

— Бүгінгі матчтың төрешісі жайлы көп әңгімелер болған еді. Жалпы бүгін қазылық еткен төрешілерге көңілдеріңіз толды ма?

— Төрешілер жайлы ештеңе айтқым келмейді. Бұл менің құзыретімде емес. Футболда әркез эмоция болады, әркім әр сәтті өзінше көреді. Матч бітті. Арнайы комиссия бар, солар төрешілердің жұмысына баға берсін.

— Жақында “Super Bol!” жобасының ойыншысы Жақсылық Кенжебаев “Ақсумен” келісім-шартқа отырды. Оны Сіздің клубтың жейдесінде қашан көре аламыз?

— Мен тек оның қатысуымен өткен финалдық ойынды ғана көрдім. Әзірше сәл ертерек деп ойлаймын. Біздер оның ойнын бақылауда ұстадық. Әр ойыншыда қандай мүмкіндік болса, сондай мүмкіндік онда да бар. Бұл жақсы жоба. Ойыншының өзіне көп нәрсе байланысты. Бізде Екінші лигада ойнайтын жастарымыз және Бірінші лигада “Екібастұз” клубы бар. Өзін қалай көрсетсе, солай мүмкіндік алатын болады.

“Ақтөбе” ФК баспасөз қызметі