Әлібек Қасым — қызыл-ақ!
02.Feb.2022
«Ақтөбе» футбол клубы өз құрамын жаңартуды жалғастырып жатыр. Бұл жолы 23 жасар орталық қорғаушы Әлібек Қасым команданың жаңа ойыншысы атанды.
«Қайраттың» түлегі 2019 жылдан бері Петропавлдың «Қызыл-Жар СК» сапында өнер көрсеткен болатын. Солтүстік Қазақстан облысы ұжымының құрамында 44 ойынға қатысып, 9 доппен көзге түскен. Оның жетеуін ол былтырғы маусымда салған. Сондай-ақ өткен жылы Әлібек Қазақстан құрамасында Солтүстік Македония мен Тәжікстанға қарсы қос жолдастық матчта дебюттік ойындарын өткізген еді.
Былтыр Қасым қызылжарлықтарға Конференция лигасына жолдама алуға көмектескен болатын.
«Қазақтың Рамосына» қызыл-ақ жанұямызға қош келдің дей отырып, оған біздің клубпен бірге орасан жетістіктерге жетуін тілейміз.
«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі