Виктор Тарчило: «Бүгінгі таңда бұл қос нәтиже әділетті деп ойлаймын»
03.Oct.2022
“Ақтөбе” футзал клубының бас бапкері “Рахметпен” өткен екі кездесу жайлы пікірімен бөлісті.
— Өз жігіттеріме алғыс айтсам деймін. Себебі, біріншіден, біз алғашқы үш ұпайымызға қол жеткіздік. Дербиде ойнау қиын, әрине. Қандай елде, қай команда болса да, дерби деген оңай болмайды. Меніңше, біз бүгін агрессия жағынан ұтылдық. Қарсылас табандырақ өнер көрсетіп, өз голдарын соға білді. Екі ойыннан тұратын бәсеке ылғи осылай. Бүгін 7:2 ұтсаң да, ертең ұтылып қалуың мүмкін. “Рахмет” кубокте де “Төрттіктің финалына” шыққан жақсы команда екенін танытты. Ойын жағынан екі матч та тең өрбіді. Бүгінгі таңда бұл қос нәтиже әділетті деп ойлаймын.
— Кешегі болған жанкүйерлердің қолдауы бүгін жетіспеді деп ойламайсыз ба?
— Олардың қолдауы бізге үнемі жетіспейді. Иә, жанкүйерлердің Оралдағы үлкен футбол матчына кеткенін білемін. Жігерлендіріп, алға айдап отыратын қолдаудың жетпегені анық. Бірақ пандемияда да көрерменсіз ойнадық емес пе?! Сол себепті тек осының салдарынан ұтылдық деу артық болар еді. Сырт алаңда да жанкүйерлерсіз ойнайтын кездер болады.
— Қателеспесек, бұл екі матч Сіздің “Ақтөбе” футзал клубы тізгініндегі Ақтөбеде өткізген алғашқы ойындарыңыз ғой?
— Иә, 2020 жылғы маусымда біз бір локацияда ойнадық. Елордада және Щучинскіде доп тептік. Ал былтырғы маусымда мен “Ақтөбеде” болмадым. Оның үстіне менің көмекшім болған адамға (Серік Оңбаев, “Рахмет” бас бапкері) қарсы ойнау да оңай емес. Дербидің аты — дерби.
— Ойынға оралсақ, неліктен біздің команда үнемі ұтылып жатып, жақсы ойнайды? Себебі неде?
— Оныңыз рас. Есеп ашу бізге қиынға түсіп жатады. Бір-екі гол жіберіп алсақ, өзімізді еркін сезінеміз. Алайда біздің алғашқы екі турда ойнамағанымызды ескерсек, бұл да бір себеп дер едім. Осы жағынан бізге ойын тәжірибесі жетпеді. Сондықтан толық ойын жоспарын да біз әлі орындап үлгермедік. Кубоктен кейін екі апта үзіліс орын алып, біздің “Каспиймен” қос матчты ойнамауымыз бізге кері әсер етті. Спарринг жасайтын қарсылас табылмады. Өзара ойын өткіздік, бірақ бұл жеткіліксіз. Сол себепті де объективті түрде екінші матчта біз “Рахметті” жеңе алмадық.
— Жаңа ойыншы Тимур Балтабаевтың дебюттік матчын қалай бағалайсыз? Ол гол соғып та үлгерді.
— Әзірше бағалау қиындау. Мен одан көп нәрсе күтемін. Оның келгеніне небәрі бір апта болды. Оны командаға мен алдырған едім. Өйткені бізге “тіреу” позициясында ойнайтын ойыншы қажет болды. Ол командамен тек төрт толық жаттығуға қатысып үлгерді. Біздің одан не күтетінімізді де ол әлі меңгеріп болған жоқ. Ойны басқашалау. Бірақ бізге ол өте көп көмектеседі деп сенемін. Тактикамыздың да соған сәйкес өзгеретіні тағы бар. Себебі Бекжан Дәулетов айқын “тіреу” шабуылшы позициясында ойнайды дей алмаймыз. Тимурға бейімделуге уақыт керек. Ферраоны шақырсаңыз да, ол қазір бізде бірден ойнап кете алмайды. Бізде тағы ресейлік ойыншы да бар, ол әлі ойындарға қатыспады. Алдағы екі апталық үзілісті пайдамызға жаратып, мүмкін, “Бәйтерекпен” бақылау матчын өткізіп қалармыз. Оған қоса, кем дегенде алыс шетелден екі легионерді алуымыз керек. Ойнымызға креатив қосатын мықты ойыншылар қажет-ақ.
“Ақтөбе” ФК баспасөз қызметі