Игорь Леонов: Құрамның 60-70 пайызын сақтап қаламыз
19.Dec.2024
– Игорь Иванович жаңа маусымда сәттілік тілей отыра, алдағы жоспарыңызды білсек. Көптеген жанкүйерлерді мазалайтын сұрақ, құрам қаншалықты өзгереді?
– Көп рақмет! Жалпы келер жылы чемпиондыққа таласу үшін барымызды саламыз. Кейбір позицияларға жаңа ойыншылар алу жоспарда бар. Одан бөлек құрамның 60-70 пайызы сақталады. Қорғаныш шебіне Лев Скворцовты алдық. Тағы да жаңа ойыншылар күтілуде. Жанкүйерлеріміз өткір шабуыл стилін ұнататындықтан, шабуыл шебін тағы да күшейтеміз. Жаңа ойыншылар қарастырып жатырмыз. Жаңалықтарды біздің ресми парақшадан бақылап отырсаңыздар болады.
– Жаңадан келетін ойыншылар қазақстандық ойыншылар ма, әлде көбіне легионерлерге үміт артасыз ба?
– Иә, бірінші кезекте Қазақстан азаматтығы бар ойыншыларды қарап жатырмыз. Легионерлер де келетініне сенімді болыңыздар. Бірінші кезекте әлеуеті жоғары, гол салуға құмар шабуылшы қарап жатқанымызды жасырмаймыз. Биылғы маусымда ойнаған кейбір ойыншылармен қоштасамыз. Барлығын уақыты келгенде еститін боласыздар.
– Жаңа маусымға қандай жоспар қойылды?
– «Ақтөбе» ФК қашан да жоғары орындарға ұмтылатын команда екені бәрімізге мәлім. Сол себепті, әдеттегідей әр турнирдің жеңімпазы атануға жұмыс істейтін боламыз.
