Нұркен Мазбаев: «Ақтөбедегі жанкүйерлердің қызу қысымымен ойнау — қиын нәрсе»

01.Aug.2022

«Тараздың» бас бапкері «Ақтөбемен» өткен бүгінгі матч (1:1) туралы пікір білдірді.

— Кубоктік матчтар ылғи да осындай тартысты қарқында өтеді. Ешкім де дес бергісі келмейді. “Ақтөбеге” де жеңіс қажет болғанын біз білдік. Сондықтан біз тиянақты дайындалып, ең бастысы психологиялық даярлыққа көңіл бөлдік. Себебі Ақтөбедегі жанкүйерлердің қызу қысымымен ойнау — қиын нәрсе. Жігіттерге айтқанымыз — жанкүйерлерге назар аудармай, барлық зейінді алаңға бұру. Біздің ойыншылар соны сезіп, біліп, дұрыс ойнай алды деп ойлаймын. Ойынға келсек, таласқа толы матч болды. “Ақтөбенің” шабуылдағы әлеуеті мықты екені көрінді. Ал бізде позициялық шабуыл кезінде мәселелер болды. Чемпионатта бәрі дұрысталады деп ойлаймын.

— Бапкер мырза, Байтананың жоқтығы “Тараз” ойнына алдағы уақытта қаншалықты әсер етеді?

— Әрине, Бауыржан шабуыл шебінде бізге өте көмек берді. Алайда бұл тек жалғыз оның ғана емес, бүкіл команданың еңбегі деп ойлаймын. Алдағы уақытта тағы да жаңа Бауыржандар өсіп шығады деп сенеміз. Өздеріңіз білесіздер, біздің өлкеден талай жас дарындар шыққан және шыға береді. Бұл футболдың өзіндік заңдылығы да шығар. Жастар өздерін шыңдап, жемісін береді деп ойлаймыз.

— Тым жақсы ойын көрсетіп жүрген “Тараздың” биылғы чемпионат пен кубоктегі міндеттері қандай?

— Мақтау сөздеріңіз үшін рақмет! Біз футбол ойнауға тырысамыз. Бастапқыда бізде биыл басқа мақсат болған, бірақ кейін түйткілдер пайда болды. Кубокте де, чемпионатта да барынша жоғары нәтиже көрсетуге ұмтылатын боламыз.

“Ақтөбе” ФК баспасөз қызметі