Ресми хабарлама

01.Jun.2025

«Ақтөбе» футбол клубы кешегі матч барысында және одан кейін «Қайрат» футбол клубы өкілдерінің тарапынан орын алған жайттарды қатаң сынайды.

Атап айтқанда, Қазақстан футбол федерациясының Этикалық кодексінде (2 тарау, 13 тарауша) көрсетілгендей, ойынның ресми тұлғалары «ҚФФ, FIFA және UEFA қабылдаған құжаттардағы жүріс-тұрыс ережелерін сақтауға» міндетті екені жазылған.

Ойын кезінде «қызыл қағаз» алып, алаңнан қуылған “Қайрат” ФК бас бапкері Рафаэль Уразбахтин жергілікті жанкүйерлерге балағат сөз айтып, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жиналған көрерменге құрметсіздік танытты.

Бұдан сәл ертерек «қызыл қағаз» алған “Қайрат” ФК ойыншысы Валерий Громыко матч ұйымдастырушыларының әрекетін “қол соғып” мысқылдап, «парақорлықты» тұспалдайтын қимылды ыммен жеткізді. Бұл Этикалық кодекстің 10 тарау 40 тараушасында көрсетілген «жемқорлықтан күмәндану» дерегін қозғайтынына назар аударамыз.

Матчтан соң «Ақтөбе» ойыншысы Идрис Умаевты боқтық сөзбен арандатқан «Қайрат» ФК ойыншысы Дэн Глейзер еш жазасыз қалып, Умаев керісінше “қызыл қағаз” алды.

Жоғарыда аталғандардың негізінде «Ақтөбе» футбол клубы ҚФФ Бақылау-тәртіптік және этикалық комитетінің күн тәртібіне осы көтерілген мәселелерді шұғыл енгізіп, тез арада тиісті шаралар қабылдауды талап етеді.