«Ақтөбе» араға бес жыл салып алғашқы матчын өз қаласында қабылдайды
05.Mar.2022
Жанкүйерлеріміз үшін керемет жаңалық!
11 наурыз күні Olimpbet-Қазақстан чемпионатының 2-туры аясында «Ақтөбе» футбол клубы өз алаңында «Атыраумен» бақ сынасады.
Ойын Есет батыр көшесіндегі футболдан Облыстық мамандандырылан балалар-жасөспірімдер олимпиада резерві спорт мектебінің жасанды жасыл газонында өтеді. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының арнайы комиссиясы аталмыш аренаны тексеріп, сертификаттаудан сәтті өткенін мәлімдеді.
Айта кетейік, «Ақтөбе» соңғы рет сонау 2017 жылдың 18 наурызында осы стадионда «Ордабасыны» қабылдап жеңіске жеткен болатын. Жалпы саны аталған алаңда «Ақтөбе» өз тарихында 36 ойын өткізіп, 22 рет ұтқан (жеңіс көрсеткіші 76%). 11 рет тең ойнап, 3 мәрте ғана жеңіліс тапқан.
Сол уақыттан бері бес жыл бойы үйдегі алғашқы ойындарын Шымкент, Алматы және елордада өткізіп келген ақтөбеліктердің қосалқы стадионы күрделі жөндеуден өтті. Заманауи алаң төселіп, жылыту жүйесі жөнге келтірілді. Одан бөлек, киім ауыстыру бөлмелері реттеліп, VAR кабинасы орнатылды.
«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі