«Ақтөбе» екі ойыншымен келісім-шарт ұзартпайтын болды

26.Jan.2022

«Ақтөбе» футбол клубы жартылай қорғаушы Рифат Нұрмұғаметпен және қорғаушы Ардақ Сәулетпен келісім-шартты ұзартпау туралы өзара келісімге келді.

Еске сала кетейік, Рифат соңғы екі маусымды қызыл-ақ команда сапында өткізіп, 30 матчта 5 гол салды және 2 ассист жасады. Ал Ардақ болса, бес маусым бойы «Ақтөбе» намысын қорғап, 60 кездесуде 4 рет қанжығасын майлап, 5 нәтижелі пас берген еді. Былтырғы біріншілік барысында Сәулет оралдық «Ақжайыққа» жалға да берілген болатын.

Биылғы алғашқы шетелдік жиын аясында қос ойыншыға да бас бапкер Владимир Муханов мүмкіндік берген. Оның нәтижесінде футболшылардың командамызда қалмайтыны жайлы мәмілелі шешім қабылданды.

«Ақтөбе» футбол клубы Рифат пен Ардаққа біздің ұжымда өткізген уақыттары үшін алғыс айта отырып, оларға ілгергі мансаптарында табыс тілейді.

«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі