Ескендір Қыбырай: «Көп мүмкіндік жасаймыз, бірақ сала алмаймыз»

24.Mar.2022

«Ақтөбе» қорғаушысы кешегі өткен «Астанамен» матч жайлы өз пікірімен бөлісті.

— Мұндай матчтардан кейін бірдеңе деу де қиын. Себебі басында түсініксіз гол жіберіп алдық. Екі-үш жүзпайыздық сәттерден өзіміз мүлт кеттік. Қарсыласқа рикошет жәрдем болды. Одан басқа олар дым істей алмады.

— Сенің ойыңша, шабуылда бізге не жетіспеді?

— Барлығын дұрыс жасап жатқан сияқтымыз. Қорғаныста сенімді ойнап, шабуыл шебіне доп жеткіземіз. Бірақ соңына келгенде сәттілік жолдас болмай жатыр. Мәселен, бірінші таймда Уго қақпаға шірене тепкен кезді еске түсірсеңіз болады. Жай ғана жолы болмады. Бірнеше жүз пайыз гол соғатын мүмкіндіктерімізді бос жібердік. «Атыраумен» ойында да қарсылас дым жасамай-ақ ыңғайсыз гол салып кетті. 0:1 ұтылып жатамыз. Бұл матчта да солай. Ойын бойы астаналықтар ештеңе жасай алмады, бірақ гол соғады. Біз көп мүмкіндік жасаймыз, бірақ сала алмаймыз.

— Екінші таймда сені алмастырып тастады. Ол неге байланысты болды?

— Бапкер ойынды жаңартқысы келген болар. Өйткені ойынға жаңа леп, жаңа күш қажет болатын. Бірақ алмастырып тастаған соң аяғымның ауырып тұрғанын байқадым. Ойын уақытында білінбеген еді.

— «Ақтөбе» сапында бірінші маусым өткізіп жатсың. Сырттағы ойындардағы жанкүйерлеріміздің қолдауын қалай бағалайсың?

— Атмосфера, әрине, супер. Жанкүйерлеріміз ең үздік. Олардың «Ақтөбе, алға» деген дауыстарын естігенде, аяғыңның өзінен-өзі қалай жүгіріп кеткенін білмей қаласың. Көзің көрмей кетеді десем де болады. Қызу қолдау бізді қанаттандырады. Алматыда да қыруар жанкүйер жиналып, күшті көңіл-күй сыйлаған еді. Әлбетте, олар да біз сынды жеңіске жеткісі келеді. Біздер екі жүз, үш жүз пайызға жаттығып, оларды қуанту үшін тырысуымыз қажет.

«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі