Максим Самородов: «Солтүстік Ирландияны жеңу үшін бар күш-жігерімізді салмасақ болмайды»
18.Jun.2023
“Ақтөбе” жартылай қорғаушысы Сан-Мариномен өткен кездесуді түйіндеп, алдағы ойын жайлы пікір білдірді.
— Макс, жеңіс құтты болсын! Словениямен ойындағыдай сені бірінші минуттан алаңға шығарды. Орталық шабуылшы позициясында өзіңді қалай сезіндің?
— Сәлем! Құттықтауларыңызға көп рақмет! Позиция жайлы айтсақ, шамалы басқа функцияларды атқардым және олар орталық шабуылшының рөлінен өзгерек болды. Бірақ жалпы, аталмыш позицияда Оразовпен өзімді жайлы сезінем, себебі одан қандай әрекет күтуге болатынын білемін. Өйткені онымен бір командада ойнадық қой. Ол мені біледі, мен оны білемін (жымияды).
— Сен командаға пенальти алып бердің, бұл футболда ассистке татиды. Алаңда 70 минут өткіздің. Өз ойныңа көңіл толды ма?
— Пенальтиді командадағы серіктестердің арқасында алып бердім. Алғашқы минуттан бастап алаңға шығарған бапкерлік штабқа рақмет айтамын. Бұдан да жақсырақ ойнауға болар еді деп ойлаймын.
— Сан-Марино оңай шағылар жаңғақ емес екен, ал алдымызда Солтүстік Ирландия. Алдағы кездесу туралы не ойлайсың?
— Сан-Марино, расымен, оңай шағылар жаңғақ емес болып шықты (күледі). Солтүстік Ирландия да мықты құрама және олармен ойнау оңайға соқпайды. Бар күш-жігерімізді салмасақ болмайды. Үйге үш ұпай арқалап қайту үшін бәрі де өз қолымызда деп ойлаймын.