Қостанайда 2012 жылы туған балалар командалары арасында футболдан Хәлімжан Сағидоллаұлы Ержановты еске алуға арналған турнир аяқталды.
Топтық кезеңде Қуанышбек Орынтаев және Нұрбол Жұмашев баптайтын командамыз алғашқы ойында жергілікті \"Метеор\" ұжымын 9:1 есебімен ойсырата жеңді. Екінші ойында көкшетаулық \"Оқжетпестегі\" құрдастарын 3:0 етіп ұтқан ақтөбелік шәкірттер елордалық \"Aibyn\" командасын да тізе бүктірді — 1:0. В тобындағы ақырғы кездесуде қостанайлық жасөспірімдер мектебінің түлектерін жауапсыз үш доп соғып, тас-талқан қылып жеңді.
Топтан бірінші орынмен шыққан \"Ақтөбе\" U9 өрендері 1-3 сатыға таластағы плей-офф матчтарында павлодарлық \"Жұлдызбен\" 1:1 тең ойнап, ал \"Тобылды\" 3:2 есебімен шаң қаптырып кезекті рет жарыс жеңімпазы атанды.
22-24 қараша аралығында \"Тобыл-Аренада\" өткен республикалық жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 15 команда қатысты.
\"Ақтөбе\" ФК баспасөз қызметі
26 қараша 2021
Бөлісу

