Қанат Жеткірбаев: «Қайратқа» қарсы тең нәтиже көрсету де оңай шаруа емес»

21.Дек.2021

Бүгінгі ойында тамаша өнер көрсеткен «Ақтөбе» шағын футбол клубының қақпашысы алматылық «Қайратқа» қарсы тең матч (2:2) жайлы өз пікірін білдірді.

— Баршаңызға сәлем, ақ-қызылдар! Ең бірінші кезекте жанкүйер болып келген көрермендерге — «Ақтөбе» отбасына — алғысымды білдіргім келеді. Бізді ешқашан қалдырмай, әрдайым бізге жанкүйерлік ететіндері үшін. Ойынға келсек, есепте басым келе жатқанбыз, негізі. Жеңіске жеткіміз келді. Алайда бір қадам жетпей қалды. Бірақ біз үшін бұл да үлкен дәреже деуге болады, себебі «Қайратқа» қарсы тең нәтиже көрсету де оңай шаруа емес. Оның үстіне легионерлерге қарсы тек жергілікті ойыншылармен ойнасаң. Бірақ, әрине, жеңіске жеткіміз келгені анық. Алланың бұйырғаны осы болды.

— Қанат, екі матчта екі түрлі құраммен ойнадық. Айырмашылық қаншалықты сезілді?

— Кеше бізге тыңнан қосылып, серпін беретін ойыншылар жетіспей қалды. Нұрбек, Бағытбек, Бекжандардың жоқтығы көрінді. Және де, әлбетте, Қайрат капитанымыз бен Ақжол Тыныштықбаевтың да ойнамағаны әсер етті. Жарақаттарынан тез айығып қатарға қосылса екен дейміз.

— Бүгін өзің өте көп сейв жасадың. Соның арқасында командамыз да сенімдірек ойнаған сияқты. Қалай ойлайсың?

— Бұл — тұтас команданың жұмысы. Маған бас бапкер және жігіттер жақсы қолдау берді. Оларға көп рақмет!

«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі