Әділхан Таңжарықов: «Бұл жеңісті анама арнасам деймін, бүгін оның туған күні»
04.Июл.2022
«Ақтөбе» қорғаушысы қарағандылық «Шахтёрға» қарсы өткен матч (3:2) біткен соң өз эмоцияларын жасырмады.
— Құттықтап жатқан жандардың бәріне көп рақмет! Мен де біздер үшін уайымдап, қолдауын аямаған жанкүйерлерімізді құттықтағым келеді. Өте ауыр және шиеленісті ойын болды. Екі голды да өз қателігіміздің салдарынан өткізіп алдық деп ойлаймын. Қарсылас негізі артық ешнәрсе жасай алмады. Өзімізге өзіміз қиындық тудырсақ та, қаһармандық танытып жеңісті жұлып әкеттік.
Иә, алғашқы таймда сәл бәсеңдеу ойнаған болармыз. Асып-саспай шабуылдауымыз керек болатын. Бірақ гол соғатын жақсы мүмкіндіктеріміз де бірінші кезеңде аз болмады. Тек жүзеге асыра алмадық. Бапкерлеріміз үзілісте дұрыс сенім ұялата білді деп санаймын.
Тағы бір айтып өткім келгені: бүгін анамның туған күні еді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сүйікті анашымды туған күнімен құттықтасам деймін. Бүгін жеңіске жетсек екен деген едім. Құдайға шүкір, қолымыздан келді. Өте қуаныштымын. Бұл жеңісті анама арнасам деймін.
«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі