Срджан Благоевич: «Біз өте мықты қарсыласты жеңе алдық»

24.Мар.2022

«Астананың» бас бапкері «Ақтөбемен» өткен матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында аталмыш ойынды қорытындылады.

– Өте қиын матч болды. Өткен екі турда ауыр жайттарды бастан кештік. Бұл алаңда да, киім ауыстыру бөлмесінде де сезілді. Ойын барысында жүйкенің сыр беруі байқалды. Сондықтан әдемі де, қауіпті сәттер көп болды деп айта алмаймын. Не дегенмен, біз өте мықты қарсыласты жеңе алдық. Команда ойыншыларын құттықтағым келеді, оларға қатты ризамын. Енді аз да болса, мойнымыздан бір жүк түскендей болды, бірақ алда әлі үлкен жұмыстар күтіп тұр. Ендігі кезекте халықаралық үзіліс барысында бірнеше күн демалыс бар, бірақ біз ойынға талдау жасап, ары қарай даму жолын іздестіретін боламыз.

– «Астана» бұл матчта кейде екінші нөмірмен ойнаған секілді болып көрінді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Біз әрине, өзгеше ойнауға тырыстық. Жанкүйерлердің алдындағы үлкен жауапкершілікті сезіндік. Жаттығудағы жоспарлаған кейбір тәсілдерімізді жүзеге асыра алмадық. Қарсылас ұйымшылдық танытты. Бүгін болған нәтиже – біздің бар тырысып жеткеніміз. Егер, дұрыс қорытынды жасайтын болсақ, болашақта бапкер ретінде өзім көргім келетін ойынды көрсететінімізге сенімдімін.

«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі