Бауыржан Байтана: «Жанкүйерлеріміздің мерекелік көңіл-күйін одан әрі көтеріп тастадық»
22.Авг.2022
«Ақтөбе» сапына қайта оралған жартылай қорғаушымыз «Ордабасы» клубына қарсы өткен дебюттік матчы (3:1) жайлы әсерлерімен бөлісті.
— Өткенде айтқанымдай, «Ақтөбеге» оралғаныма қуаныштымын. Дебюттік ойынның клубтың 55 жылдығына тап келгені керемет болды. Тамаша оқиға! Стадионға келген адамдар үшін ұтуға тиіс болдық. Қуанышымызға орай, жеңіске жетіп, үш ұпайды қоржынға салдық. Жанкүйерлеріміздің мерекелік көңіл-күйін одан әрі көтеріп тастадық. Бапкердің тапсырмасын да орындап шықтық деп ойлаймын.
Өз басыма келетін болсақ, жарақатымнан кейін бірнеше күн ғана командамен бірге жаттығу жасаған едім. Физикалық жағынан ойын ырғағына ілесу аздап қиындау болды. Осылай ептеп өз қалпыма келе бастаймын деп сенемін. Голдар да, пастар да болады деген үміттемін.
«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі