Аршат Сәтжан: “Чемпионаттағы алғашқы голым маған сенімділік берері сөзсіз”

12.Dec.2022

“Ақтөбе” футзал клубының ойыншысы талдықорғандық “Жетісумен” өткен қос кездесу (6:1, 2:1) жайлы пікір білдіріп, өз соққан добы туралы сөз қозғады.

— Біріншіден, ақтөбелік жанкүйерлерді осы екі жеңіспен құттықтаймын. Сырт алаңда ойнасақ та бізді сүйікті фанаттарымыз (13 сектор — West wind) келіп қолдады. Оларға көп рақмет, басымды иемін. Ойынға келер болсақ, өте тартысты әрі қиын кездесулер болды. Өйткені “Жетісу” командасы жеңіл ұта салатын ұжым емес. Соңына дейін ойнайтын мінезді команда. Екінші ойынның әрқашан қиынға түсетіні белгілі. Физикалық та, психологиялық тұрғыдан да ауырлау. Бірақ біз командалық ауызбіршіліктің арқасында жеңіске жеттік.

Бүгін биылғы чемпионаттағы алғашқы голымды салдым. Бұл мен үшін көптен күткен гол болды (жымияды). Әрине, бұл голдың маған сенімділік берері сөзсіз. Алдағы ойындарда да психологиялық жағынан көмектеседі деп ойлаймын.

“Ақтөбеге” оралғаным ба? Қайтып келгеніме өте қуаныштымын. Ілгергі ойындарда тек жеңіске жетіп, барлық жанкүйерлерімізді қуанта беруге атсалысқым келеді.