Ералы Тоғжанов: «Ақтөбе» ФК чемпиондық рухты көрсетуі тиіс

29.Jun.2023

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Ақтөбе» ФК футболшылары және жаттықтырушылар штабымен кездесті.

Кездесу барысында өңір басшысы «Ақтөбе» футболшыларына ел біріншілігі мен еурокубок матчтары алдында чемпиондық рух көрсету қажеттігін атап өтті.

💬 «Жақында футболдан Қазақстан чемпионатының екінші айналымы басталады. «Ақтөбе» маусымды жарқын, жеңістермен бастады. Ал қазір мәселелер бар. Футбол біздің өңір үшін, ақтөбеліктер үшін қаншалықты маңызды екенін білесіздер. Өз тарапымыздан біз клубтың дамуына барлық жағдайларды жасаймыз, жан-жақты қолдау көрсетеміз, көрсетіп келеміз. Осы бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастырамыз. Маусымның басында командамыздың алдында тұрған мақсаттар мен міндеттер туралы келістік. Қазір біз тиісті нәтижелерді күтудеміз. Оларға қол жеткізу үшін барлық күш – жігерлеріңізді салуларыңыз керек», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Өз кезегінде «Ақтөбе» капитаны Дмитрий Шомко өңір басшысына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, команда өзіне жүктелген үмітті ақтау үшін қолдан келгеннің бәрін істейді деп уәде берді.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта «Ақтөбе» футбол клубы 25 ұпаймен Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде үшінші орында келеді.