Ернар Жалбыров: «Нәтижеге қарамастан, жігіттеріме алғыс айтқым келеді»
12.Jun.2023
“Ақтөбе” жастарының аға бапкері шымкенттік “Қыранға” қарсы кездесуге баға берді.
— Бірінші лигада соңғы бес жылдағы мықты командалардың бірі болып табылатын “Қыран” командасымен кездестік. Бұл ойынға көп жарақатпен келдік. Тіпті ойын басталар алдындағы дене қыздыру кезінде де бастапқы құрамның бір ойыншысы жарақаттанып, оны алмастыруға тура келді. Кейбір жігіттер үшін бұл маусымдағы алғашқы матч болды. Жылдам гол жіберіп алсақ та, бірден теңестіре алдық. Допқа өзіміз бақылау жүргізіп, ойынды түзеттік. Екінші таймда көптеп шабуылдап, көбірек мүмкіндік жасадық. Алайда жүзеге асыру жағы ақсап тұрды. Мұнымен жұмыстанғанбыз және әлі де жұмыс істей бермекпіз. Қарсылас қақпасын көп торуылдасақ та, сәттілік жолдас болмады. Қорғаушы мен қақпашы бір-бірімен түсініспей, қайдағы жоқ үшінші голды өткізіп алдық. Алдымызда енді үзіліс бар. Кейіннен сырт алаңда “Оңтүстікпен” ойнаймыз. Бұл нәтижеге қарамастан, өз жігіттеріме алғыс айтқым келеді. Олар соңына дейін таласып, ойын көрсетуге тырысты. Сырт көз – сыншы. Жұмыс көп, әсіресе психологиялық жұмыс.