Логвиненко, Ерланов, Шомко және Оразов ұлттық құрама сапына аттанды

06.Oct.2021

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов 2022 жылғы әлем чемпионатының қазан айында өтетін іріктеу ойындарына шақырылған футболшылардың нақты тізімін жария етті.

ҚФФ сәл ертерек хабарлағандай, кеңейтілген тізімге «Ақтөбе» қорғаушылары Юрий Логвиненко, Дмитрий Шомко мен Темірлан Ерланов және жартылай қорғаушы Рамазан Оразов енген болатын.

Айта кететін жайт, Шомко араға екі жыл үзіліс салып еліміздің бас командасына шақырту алып отыр.

Футболшылар біріншіліктегі ақырғы өткен «Қайсарға» қарсы кездесуден кейін ұлттық құрама қосынына аттанып үлгерді.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы 9 қазан күні «Астана Аренада» Босния және Герцеговинаны қабылдайды. Ал 12 қазанда тағы өз алаңында Финляндиямен шеберлік байқасады.

«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі