Сергей Куленко — “Ақтөбе” футбол клубы басқармасының жаңа төрағасы
06.Jun.2023
“Ақтөбе” облыстық футбол клубы” Акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып Сергей Петрович Куленко ресми тағайындалды.
Клубтың баспасөз залында журналистермен өткен кездесуде Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров жаңа жетекшіні таныстырып, оның өмірбаянын жария етті.
56 жастағы Куленко Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында дүниеге келген. Ақтөбе педагогикалық институтында “Дене тәрбиесі” мамандығы бойынша жоғары білім алған маман 1985-1987 жылдар аралығында “Актюбинец” (қазіргі “Ақтөбе”) футбол клубының намысын қорғаған кәсіби футболшы да болған.
Кейіннен ол Ақтөбе қаласы Орталық стадионының директоры және “Актюбинец” футбол клубының басқарма төрағасының орынбасары міндеттерін атқарған. Жаңа жүзжылдықтың басында Ресейге қоныс аударып, тулалық “Арсенал” футбол клубының қалыптасуына зор үлесін қосады. Сондай-ақ “Калуга” ФК даму, коммерция және маркетинг жөніндегі директор орынбасары лауазымында еңбектеніп, Мәскеу қаласындағы Ұлттық Студенттік футбол лигасын (НСФЛ) басқарады.
Сергей Петровичті туған жеріне оралуымен құттықтап, “Ақтөбемен” бірге жаңа белестерді бағындыруын тілейміз!