\"Қайсар\" жастарының қақпасына екі доп соққан шабуылшымыз өткен матч жайлы әсерлерімен бөлісті.
— Жеңіске жетіп, үш ұпайды қоржынға салғанымызға қуаныштымын. Голдарым осы орайда үлесін қосып жатса, бұл екі есе қуаныш. Хромтаудағы стадионға келіп, бізге қолдау білдірген жанкүйерлерге алғыс айтамын. Бұл — жақсы фактор.
— Матчтан кейін бас бапкер Ернар Сүлейменұлы турнирлік кестеде соңғы орында тұрған командамен ойнау психологиялық жағынан қиындау деді. Келісесің бе?
— Иә, бапкермен келісемін. Команданың дұрыс жинақталмай шығу қаупі болды. Бірақ біз жігіттер болып өзара жақсылап сөйлесіп, жеңіске қол жеткізу үшін барымызды саламыз деп шықтық. Қолымыздан келді.
— Бүгін дубль авторы атандың. Голдарыңды кімге арнайсың?
— Голдарымды әжеме арнаймын. Себебі ол мен үшін тақымын қысып, әрдайым сәттілік тілеп отырады. Әжемнің қолдауы мен үшін аса маңызды.
— Негізгі құрамның ойыншылары бүгін жастарға көмектесті. Қаншалықты көңілден шықты?
— Олар жеңіске өте көп үлес қосты деп ойлаймын. Себебі негізгі құрам ойыншыларымен жаттығу жасап, тәжірибе жинап жүрген футболшылар. Максим Самородов бірінші голыма ассист берсе, Әлібек Жәрдемов екінші голыма пас ұсынды.
— Жастар командамыздың жақсы өнер көрсетуіне байланысты соңғы кездері Бірінші лигаға шығу туралы әңгімелер жиілеп кетті. Шынайы міндет деп ойлайсың ба?
— Бәріміздің ойымыз сонда. Бірақ әлі алдымызда тікелей қарсыластарымызбен талай матч бар. Бапкерлерден бастап ойыншыларға дейін Бірінші лигаға шығу міндетін орындау үшін талпынып жатыр.
\"Ақтөбе\" ФК баспасөз қызметі
31 августа 2022
Поделиться

