Ислам Русланұлы: «Бірінші команда? Шамалы тәжірибе жинақтап алайын»

27.Июн.2022

«Ақтөбе-U21» ойыншысы Екінші лигадағы 9-тур аясында өткен «Арыс» клубына қарсы кездесу (6:0) жайлы әсерімен бөлісті.

— Ислам, жеңіс құтты болсын! Өте сенімді жеңіс. Әрі дубль жасадың. Осындай ірі есептің тіркелуіне не себеп болды деп ойлайсың?

— Рақмет! Бапкерлеріміз бізді ойынға жақсы әзірледі деп ойлаймын. Әр матчқа жігіттер жақсы дайындықпен шығады. Соның арқасында жеңіске жете алдық деп есептеймін. Иә, маусымның басында оңтүстікте өзіміз де ірі есеппен ұтылған едік. Ол кезде команда бейімделіп жатқан еді. «Ордабасымен» де босаңсып, айқын жеңісті қолдан беріп қойған едік. Алайда, кейін «Қайсарды» және «Мақтааралды», ал бүгін «Арысты» жеңдік.

— Бүгін ойнаған негізгі құрам ойыншыларымен түсіністік табу жағынан қиындық болмады ма?

— Мүлде қиындық болмады. Себебі негізгі құраммен бірге жаттығуға кейде біздерді шақырған уақытта, түсіністік сол жақта қалыптасады деп санаймын. Сондықтан олар бізге көмекке келгенде, біз де сол үдеден шығуға тырысамыз.

— Айтпақшы, сені соңғы уақытта бірінші командаға жиі шақырып жүр. Жеке өзің үшін қандай мүмкіндіктерді көресің сондай жаттығулардан?

— Әзірше ештеңе айтпағаным жөн болатын шығар. Шамалы тәжірибе жинақтап алайын. Сол кезде бірдеңе деуге болар.

«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі