Нұрбек Қарағұлов: «Оралда өз үйімізде ойнап жатқандай әсерде болдық. Жанкүйерлерімізге ерекше алғыс!»

06.Дек.2021

Бүгінгі ойында дубль авторы атанған «Ақтөбе» шағын футбол клубының шабуылшысы оралдық «Бәйтерекке» қарсы жеңісті матч (5:3) жайлы өз пікірін білдірді.

— Ури, жеңіс құтты болсын! Сен біршама уақыт бойы денсаулығыңа байланысты паркетке шыға алмадың. Оралу қаншалықты қиынға соқты?

— Көп рақмет! Иә, негізі сырқаттану деген ешқашан жақсы болған емес. Ауырдым. Аллаға шүкір, қазір бәрі жақсы. Отбасым, ең кішкентай жанкүйерім — ұлым барда бәрі артта қалды. Барлық ем-домды қабылдап, жақсы болып қалдым. Өкінішке қарай, үйде өткен осы маусымның алғашқы ойындарына қатыса алмадым. Осы матчты асыға күттім. Қиындау болды, бірақ ойынға бірден еніп кеттім дей аламын. Командаластарымның қолдауымен қиындықтарды еңсеріп, жеңіске жеттік.

— Бүгінгі кездесу оңай болған жоқ. Қазір қандай әсердесің?

— Қарсыластың тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Бапкері де бізге таныс жан. Командалар бірін-бірі жақсы таниды. Сараптама жасалғаны көрініп тұр. Бірақ, ұтылып жатып ұтудың, жалпы мұндай жеңістің дәмі бөлек болары сөзсіз.

— Биыл матчтардың басы біз үшін қиынға соғып жүр. Бұл ненің салдары деп ойлайсың?

— Алғашқы таймда жергілікті команда өз сәттерін, мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып голдарын соқты. Бізде де қателіктер болды. Командалық ойында бір адамға иек арту дұрыс емес. Команда қателесті. Ал, екінші таймда керісінше біздер мүмкіндіктерімізді пайдаландық. Команданың жігіттері болып жеңіс үшін барымызды салдық. Еңбек пен жеңіске деген жігердің арқасында үш ұпай еншіледік.

Сонымен қатар, ең үздік жанкүйерлерге, «Ақтөбе отбасы» жігіттеріне ерекше респект! Бүгін Оралда өз үйімізде ойнап жатқандай әсер қалдырды. Рақмет, жігіттер! Барлық жанкүйерге ерекше алғыс! Сіздер үшін ойнап жүрміз! Қолдауларыңызды сеземіз! Алғыс! Алға, «Ақтөбе»!

«Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі